Қай ағашқа су жетпей тұр, қайсысы әлсіреп барады, қай жерге қандай ағаш отырғызған дұрыс? Мұның бәрін нақты дерек арқылы анықтауға мүмкіндік бар. Бұл тәсіл қазір әлем бойынша кең таралған.
Заманауи шешім Алматы қаласын дамыту орталығында өткен кездесуде көтерілді. Жиынға экологиялық мониторинг бағытында көп жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан австралиялық ICT International компаниясының директоры Peter Cull қатысты. Кездесуде қаладағы жасыл желекті бақылауға арналған тәсілдер таныстырылды. Арнайы датчиктер топырақтың ылғалын, температурасын, ауа сапасын, тіпті ағаш бойындағы шырын айналымын да өлшей алады. Жиналған деректер кейін талданып, нақты әрі дәл шешім қабылдауға негіз болады.
Мұндай шешімдер ағаштардың жерсіну деңгейін айтарлықтай арттырып, су шығынын едәуір азайтуға көмектеседі. Кездесу қорытындысында тараптар жобаны тереңірек пысықтап, пилоттық түрде іске асыру мүмкіндігін қарастыруға келісті.
Жасыл желектер - Алматының табиғи болмысының ажырамас бөлігі. Қала ұзақ жылдар бойы дәл осы ерекшелігімен танылып, тұрғындар мен қонақтар үшін жайлы орта қалыптастырып келеді. Сондықтан қалалық әкімдік пен Алматы дамыту орталығының бүгінгі міндеті - осы тепе-теңдікті сақтап қана қоймай, оны жаңа деңгейге шығару: ағаш отырғызу мәдениетін күшейту, күтім сапасын арттыру және әр шешімді дерекке сүйене отырып қабылдау.





