Алматыда Қытайдың ірі қалаларында ауа ластануын азайтуға көмектескен тәсілдер талқыланды. Осы тәжірибелерді қала жағдайына бейімдеуге арналған халықаралық семинар өтті. Іс-шараны Almaty Air Initiativeқоры Алматы қаласын дамыту орталығының қолдауымен ұйымдастырды.
Кездесуге Қытайдың экологиялық ғылымдар ғылыми-зерттеу академиясының (CRAES) өкілдері қатысты. Бұл ұйым Бейжің және басқа мегаполистерде ауа сапасын жақсарту жұмыстарына тікелей қатысқан.
Семинардың ашылуында Almaty Air Initiative қорының атқарушы директоры Жұлдыз Саулебековамен Алматы қаласын дамыту орталығы жобалық басқару дирекциясының басшысы Дина Темірғалиева сөз сөйледі. Олар мәселені шешу үшін жүйелі тәсіл мен нақты деректерге сүйену қажет екенін атап өтті.
Жұлдыз Саулебекова:
«Алматы қазір Қытай 10–15 жыл бұрын бетпе-бет келген мәселелермен беттесіп отыр. Бейжіңдегі ауаның ластану мәселесін шешу тәжірибесін БҰҰ мен Дүниежүзілік банк әлемдегі ең табысты кейстердің бірі деп таныды. Біз атқарылған жұмыспен жіті танысып, оны біздің мегаполиске бейімдеу мәселесін жан-жақты қарастырғымыз келеді », – деді ол.
Семинар барысында Қытайда қолданылған нақты шаралар таныстырылды. Негізгі бағыттар – тұрмыстық секторда көмірден кезең-кезеңімен бас тарту, өнеркәсіп, энергетика және көліктегі шығарындыларды азайту, сондай-ақ тұрақты мониторинг жүргізу.
«Біз мәселенің ауқымын деректер арқылы анықтадық: ластану 1,3 миллион шаршы шақырымға дейін таралып, кейде үш аптаға дейін сақталды, ал ауадағы зиянды бөлшектердің деңгейі 500 микрограмға дейін жетті. Осыдан кейін 2013 жылы күнделікті мониторингке негізделген ұлттық жоспар іске қосылды. Жұмыс энергетика, өнеркәсіп, көлік және жылыту жүйесі сынды негізгі салаларда жүргізілді. Нәтиже нақты: ауадағы ұсақ бөлшектер 64%-ға азайды, жауын-шашынның pH көрсеткіші 4,9-дан 6,1-ге дейін өсті», – деп атап өтті CRAES вице-президенті Куан Чжан Джюнь.
Сарапшылар Алматы үшін қолдануға болатын тәсілдерді де атады. Соның бірі – көмірден таза отын түрлеріне көшу. Қытайда бұл шара 39 миллионнан астам үй шаруашылығын қамтыған. Сонымен қатар өнеркәсіпті реттеу тәсілі ұсынылды: ірі кәсіпорындарға талаптарды күшейту, орта бизнесті жаңғырту және ескірген өндірістерді кезең-кезеңімен қысқарту.
Көлік саласында автопаркті жаңарту, экологиялық талаптарды күшейту және жүк тасымалының бір бөлігін теміржолға көшіру қажет. Бұған қоса, қалалық шаңды бақылау да маңызды бағыт ретінде қарастырылып отыр.
Сарапшылар Алматы қаласы үшін дерекке негізделген, өзіне тән ауа сапасын басқару жоспары қажет деген түйінге келді. CRAES мамандары атап өткендей, әмбебап шешім жоқ. Әр мегаполис өз стратегиясын климатына, географиясына және ластану ерекшеліктеріне қарай қалыптастырады. Қытайда бұл бағытта қала басқару жүйесіне кіріктірілген ғылыми топтар жұмыс істейді.
Алдағы уақытта семинар ұйымдастырушыларымен ауа жағдайын жақсарту бойынша ұсыныстар әзірленбек. Материалдар жергілікті атқарушы органдарға жіберіліп, ашық дереккөздерге де жарияланады.

