Алматы қаласын дамыту орталығы мен Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті (IITU) өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Құжат тараптардың білім беру, ғылым және кәсіби даму салаларындағы әріптестігін нығайтуға бағытталған. Ынтымақтастық аясында студенттердің өндірістік тәжірибеден өтуіне жағдай жасау, кадрлық резервті қалыптастыру, түлектерді жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу және бірлескен жобаларды іске асыру көзделіп отыр.
Меморандум шеңберінде тараптар ESG қағидаттарын ілгерілетуге ерекше назар аударады. Бұл бағытта тұрақты даму мәселелері бойынша дәрістер мен семинарлар өткізу, экологиялық және инфрақұрылымдық нысандарға экскурсиялар ұйымдастыру, экологиялық акциялар мен қоғамдық іс-шараларды бірлесіп өткізу жоспарланған.
Сонымен қатар, Алматы қаласының дамуына қатысты өзекті тақырыптар бойынша бірлескен аналитикалық және зерттеу жұмыстарын жүргізу, сарапшылық алаңдар мен білім беру бастамаларын дамыту қарастырылған.
Тараптар мұндай әріптестік студенттердің тәжірибелік дағдыларын дамытуға, кәсіби мүмкіндіктерін кеңейтуге және қала дамуына қатысты заманауи шешімдерді бірлесіп әзірлеуге ықпал ететініне сенім білдірді.

