Қала әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов Алматы қаласын дамыту орталығының жұмысымен танысты
Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов жұмыс сапары барысында «Алматы қаласын дамыту орталығы» АҚ қызметімен танысты. Кездесу барысында Орталықтың негізгі бағыттары, іске асырылып жатқан жобалар және қаланы басқару тиімділігін арттыруға бағытталған цифрлық және аналитикалық шешімдер таныстырылды.
Алматы қаласын дамыту орталығы қала дамуын жоспарлау үшін кешенді талдау жұмыстарын жүргізеді, стратегиялық және бағдарламалық құжаттарды әзірлеуге қатысады, деректерді жүйелейді, қалалық жобаларды сараптап, олардың іске асырылуын сүйемелдейді. Сонымен қатар Орталық қала инфрақұрылымын дамытуға қатысты басқарушылық шешімдер қабылдауға қажетті аналитикалық ақпаратты қалыптастырады.
Қазіргі уақытта мамандар мегаполистегі денсаулық сақтау, білім беру және мектепке дейінгі ұйымдардың тұрғындар үшін қолжетімділігіне, олардың аумақтық орналасуына және жүктеме деңгейіне кешенді талдау жүргізуде. Сараптама барысында демографиялық өзгерістер, халық санының өсу қарқыны және әр ауданның даму ерекшеліктері ескеріледі.
Жұмыс сапары барысында Ситуациялық орталықтың мамандары Абзал Нүкеновке жүргізілген талдамалық жұмыстардың нәтижелерін, қаланың әлеуметтік инфрақұрылымына қатысты әзірленген интерактивті карталар мен цифрлық құралдарды таныстырды. Бұл сараптамалар алдағы уақытта жаңа мектептерді, балабақшаларды және денсаулық сақтау нысандарын орналастыру орындарын айқындау кезінде негізге алынатын болады.
Кездесу барысында Жобалық кеңсенің қызметіне де ерекше назар аударылды. Бүгінде Кеңсе Алматы қаласын дамытудың тоғыз жол картасына енгізілген 186 жобаның орындалуын үйлестіріп, олардың іске асырылуын тұрақты түрде мониторингтен өткізеді. Әрбір жоба бойынша мерзімдер, тәуекелдер және орындалу барысы жүйелі түрде бақылауда.
Сонымен қатар жақында жаңартылған жобалық басқару жүйесінің мүмкіндіктері таныстырылды. Жаңа тәсілге сәйкес қаланың басым бағыттарын қамтитын 10 жұмыс тобы құрылып, олардың қызметіне қала әкімінің орынбасарлары мен аппарат басшысы тікелей жетекшілік етеді. Бұл жобалардың орындалуын жедел бақылауға, ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейтуге және туындайтын мәселелерді уақытылы шешуге мүмкіндік береді.
Абзал Нүкенов жастар саясаты, мәдениет және білім беру салаларына жетекшілік етеді. Осы бағыттардағы жобалардың орындалу барысы апта сайынғы жұмыс кеңестерінде тұрақты қаралып, тапсырмалардың орындалуы, іске асыру мерзімдері және қосымша шешімдерді талап ететін мәселелер талқыланады.
Кездесу қорытындысы бойынша қала инфрақұрылымын дамытуда деректерге негізделген басқару тәсілдерін одан әрі жетілдірудің, сондай-ақ талдамалық құралдарды тиімді пайдалану арқылы қабылданатын шешімдердің сапасын арттырудың маңыздылығы атап өтілді.

