«Алматы қаласының даму орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдыға жобалау-сметалық құжаттаманың құнын айқындаудағы ашықтық пен негізділікті арттыру, сондай-ақ құрылыс жобаларының іске асырылуын мониторингтеу жөніндегі тапсырманың орындалуы туралы есеп ұсынды.
АҚДО базасында инвестициялық және құрылыс жобаларын аналитикалық және көшпелі бақылау бойынша жүйелі жұмыс жолға қойылған. Құрамында 1-санаттағы 10 техникалық қадағалау сарапшысын қоса алғанда, жалпы саны 34 қызметкерден тұратын мониторинг департаменті құрылды. Жобалау-сметалық құжаттаманы және нысандарды іске асыру барысын кешенді талдау тетігі енгізілді.
Есепті кезеңде негізінен аудандық әкімдіктер мен қалалық басқармалар ұсынған 100-ден астам жоба тексерілді. Аналитикалық бақылау мен нақты орындалған жұмыс көлемдерін верификациялау арқылы жүргізілген көшпелі тексерулердің нәтижесінде шығындарды оңтайландыру қамтамасыз етілді.
Қала әкімі жобаларды іске асыру экономикалық негізділікке, ашық есептеулерге және қала тұрғындары үшін сапаның басымдығына сүйене отырып жүзеге асырылуы тиіс екенін атап өтті.
Орталықтың жұмысы жүйелі сипатқа ие және тәуекелдерді ерте кезеңде анықтауға, сондай-ақ бюджет қаражатын пайдалану тиімділігін арттыруға бағытталған.
