Алматы қаласын дамыту орталығының Басқарма төрағасы Руслан Берденов Наталия Сац атындағы театрдың реконструкция барысымен танысты.

19.03.2026

Қазіргі таңда нысанда қалпына келтіру жұмыстары белсенді жүріп жатыр. Ғимараттың сыртқы қасбеті, сахнасы, көрермендер залы толық жаңғыртылуда. Сонымен қатар театр аумағында қосымша жаңа нысанның құрылысы қолға алынған. Бұл жоба мәдени ошақтың мүмкіндігін кеңейтіп, жаңа ғимаратта шағын сахна мен 220 орынға арналған көрермендер залының ашылуына жол ашады.

Жобаға қатысты қоғамдық пікірде көтерілген негізгі мәселелердің бірі - ғимарат қасбетіндегі мозаика тағдыры. Бұл ретте алаңдауға негіз жоқ. Мозаика сақталады және қалпына келтіріледі. Қазіргі уақытта ол 2000-жылдары жағылған бояу қабатынан тазартылып, бастапқы тарихи келбеті қайта жаңғыртылып жатыр.

Реставрация жұмыстарына мозаика авторларының бірі Юрий Функоринео тартылған. Бұл тарихи дәлдікті сақтауға мүмкіндік береді. Айта кету керек, мұндай көркем паннолар тек сыртқы қасбетте ғана емес, ғимараттың ішкі кеңістігінде де бар. Олардың барлығы кезең-кезеңімен мұқият қалпына келтіріледі.

Жалпы, жоба мәдени мұраны сақтай отырып, заманауи талаптарға сай инфрақұрылымды қалыптастыруға бағытталған. Жаңғырту жұмыстары аяқталғаннан кейін театр өзінің тарихи келбетін сақтай отырып, қала тұрғындары үшін қайта есігін ашады.