12.03.2026

Алматы қаласын дамыту орталығында дәстүрлі сәрсенбілік кездесу өтті. Бұл жолғы жиын мегаполисте барлық тұрғындар үшін қолайлы және қолжетімді орта қалыптастыру мәселесіне арналды. Басқосуға Алматы қаласын дамыту орталығы мен «Алматы бас жоспары» ғылыми-зерттеу институтының мамандары қатысты.

Кездесу барысында оңтүстік астананың қолжетімділік картасын әзірлеу бастамасы талқыланды. Жоба аясында қала кеңістігіндегі түрлі кедергілер – биік жиектастар, қауіпті еңістер, жаяу жүргіншілер жолдарындағы бөгеттер, сондай-ақ ғимараттарға кіреберістің қолжетімсіздігі тіркелмек.

Мамандардың айтуынша, цифрлық жүйені әзірлеу процесіне қала тұрғындарын тарту жоспарланып отыр. Алматылықтар арасында сауалнама күнделікті қолданылатын онлайн платформалар арқылы жүргізіледі. Соның нәтижесінде тұрғындар өздері кездесетін кедергілерді белгілеп, қала инфрақұрылымындағы мәселелерді анықтауға үлес қоса алады.

Жобаның қысқа мерзімді мақсаты – тұрғындарға қала ішінде ең қолайлы маршруттарды таңдауға мүмкіндік беру. Ал ұзақ мерзімді перспективада бұл деректер жөндеу, қалпына келтіру және жаңғырту жұмыстары кезінде анықталған кемшіліктерді кезең-кезеңімен түзетуге негіз болмақ.